«Үздік өлең» байқауының нәтижесі

0
617
dav

«Ел-шежіре» қоғамдық қоры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырмасына сәйкес «Ұлттық құндылық» жобасы аясында «Ұлы даланың 7 қырын» насихаттау бойынша «Үздік өлең» байқауының жеңімпазын анықтады.

Қазылар алқасының төрағасы ретінде Дулат Исабеков және мүшелері Есенғали Раушанов және Мырзан Кенжебай сайланды. Оншақты өлеңдердің ішінен қазылар алқасы Шығыс Қазақстан облысы «ДИДАР» газетінің тілшісі, Өскемен қалалық «Шабыт» ақындар мектебінің мүшесі Оразай Жеңісұлының «ДАЛА ДАУЫСЫ һәм ЖЕТІ-нің ЖЫРЫ» және «Қара өлең» атты өлеңдеріне жоғары баға берді.

Осыған орай, Оразай Жеңісұлы «Ұлы даланың 7 қырын» насихаттау бойынша «Үздік өлең» номинация бойынша ЖЕҢІМПАЗ атанды. Оқырманға қызықты болу үшін «ДАЛА ДАУЫСЫ һәм ЖЕТІ-нің ЖЫРЫ» және «Қара өлең» атты өлеңдерді осында жариялаймыз.

Қазылар алқасының мүшесі ақын, сыншы, көсемсөзші Мырзан Кенжебайдың пікірі: — Аллаһу Тағала! Мынадай көл-көсір таланты бар, бір сөзінде жасанды қоспа жоқ, өзінің әппақ жүрегінің дүрсілін асқан шеберлікпен, көркем сөзбен төгіп айтатын жасты тіл-көзден сақтай гөр!

Өмірден жаңа бір мұңдасты, сырласты тапқандай болдым-ау. Мырзан ағаң. Не деген сыршылдық, ғажап қой, ғажап! Алла ұзақ ғұмыр бергей.

Байқау шарты бойынша жүлдегерге Алашорда фотоальбомы мен ұлттық нақыштағы бағалы сыйлықты тарту етеміз. Жеңіс құтты болсын, жас ақын!

Барлық қатысушыларға алдағы уақытта болатын байқауларда сәттілік тілейміз!

ДАЛА ДАУЫСЫ һәм ЖЕТІ-нің ЖЫРЫ

Мамыр айы. Беу, дариға, көктемім!
Жеті таудың ар жағынан жеткен үн,
Жеті түнде құлағыма сыбырлап,
Жеті жазба жазатыным бек менің.

Жеті шырақ жалғыз тамда жағайын.
Жеті жұтты көрген мынау ағайын.
Жеті жоғым бүтінделмей жүргенде,
Жеті жетім – зарлы әніме салайын.

Желтоқсанда қари беріп қырау-мұң,
Жеті атаның аруағы деп ту алдым.
Жеті судан азат күлкім естіліп,
Жеті жарғым тірілді де, жұбандым.

Жақсылығым жауыздықты жеңсе анық,
Жеті түрлі білімнен де енші алып,
Жеті атасын жаттап өскен жетелі ем,
Жеті жұрттың тілін білдім жер шалып.

Қайта оралып жеті бірдей қазынам,
Бұдан әрі айтылмады базынам.
Жәннат көрем жеті қырлы даланың,
Көктемінен, күзі, қысы, жазынан.

Жетесіздер жармасқанда жағаға, 
Кең далам-ау, сен едің ғой нар ана. 
Тел емізіп жеті ағайынбауырды, 
Қамқор едің қорық берген ағаға.

Естіп тұрмын, естіп тұрмын үніңді.
Қабағыңнан түсінемін тіліңді.
Қойнауыңа жеті кие қонақтап,
Тарқамасын төсіңде той дүбірлі.

ҚАРА ӨЛЕҢ
(еркін тақырып)

Қара өлең, жүйрігімсің жалың майда.
Самалмен бірге салған әнім қайда?!
Жұртыма атам жатқан жеткіз мені,
Сынайын жүрісіңді осындайда.

Иіскеп топырағын тұмарымнан…
Сол әуен кетпей қойды құлағымнан.
Еңкейіп су ішейін кер бұғыдай,
Бүлдірген татитұғын бұлағымнан.

Төбемді көкке жеткіз, күлкімді айға.
Ұлынан баба таулар жыр тыңдай ма?!
Самалы аймаласа сағыныштың,
Бәтқұндыз бәйшешектер құлпырмай ма?!

Шықса егер қарсы алдымнан қалқатайым,
Жан сырын жарау тартқан тарқатайын.
Үрпінен тәтті ойлардың түртер едім,
Иіскеген көрпекөкті марқадайын.

…Қиялмен мен осылай аяңменен,
Аядай күндерімнен баян көрем.
Бұ да бір бүршік атқан жүрегімде,
Ақанның арманындай аяулы өлең.