«Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізі» тақырыбындағы конференция

0
1339

23 қазан күні «Ел-шежіре» қоғамдық қоры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізі» тақырыбында конференция өткізді.
Конференцияның басты мақсаты ретінде қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту, қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуындағы ұлттық құндылықтардың маңызын көрсету, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану болып табылады.
Конференцияны Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы Болат Жүнісбеков құттықтау сөзімен ашып, конференция модераторы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Факия Шамшидиноваға сөз кезегін берді.
Алғашқы спикеріміз «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы өз сөзінде, ұлттық идеяның негізі – тіл, дәстүр, дін, сондай-ақ, діл екенін айта отыра, ұлтты діннен қалай бөліп қарауға болмаса, ұлттық идеяны да соншалықты діннен бөліп қарауға болмайтындығын ашып айтып, дін – ұлттың негізі, тұрмыс-тіршілігіндегі иманға негізделген ұлттық құндылығы екенін қатысушыларға барынша мысалдар келтіре отырып жеткізді.
Келесі сөз кезегі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті философия кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Әбдірашит Бәкірұлына берілді. Философ-публицист өз баяндамасында ұлттық бағыттағы осындай ұлттық мәдениеттің өрлеуіне серпін беретін Елбасының қатар жарияланған қос мақалалары, атап айтқанда «Рухани жаңғыру және Ұлы Даланың жеті қыры» болғаны туралы анықтап айтты. Ұлы даланың тарихы біздің арғы ата-бабаларымыз ары-бері көшіп қонып жүргенімен осы болашақта қазақ деген ұлттың негізін қалыптастырды. Біздің тарихымыздың кез келген сатысы Қазақстан Республикасының әрбір азаматының өте қасиетті дүниесі болып табылады.
Болмысы бүтін тұлға деген болады, қазақта ондай тұлғалар көп. Ісі мен әрекеті, білімі бір қалыптан шығып, өзін тұлға ретінде көрсеткен адамдарды айтамыз. Бұл туралы әл-Фарабидің айтқан сөзі бар, егер айтып отырған сөзі оның жасаған еңбек ісімен сәйкес келмесе оны дана деп айтуға болмайды. Ұлттың тұлғасы деген сөзді халыққа да қатысты айтуға болады. Оны біз болмысы бүтін ұлт деп атаймыз. Қазіргі заманда мықты мемлекеттерді құратын халықты бүкіл тарихын түгендеп алған болмысы бүтін халықтар болып отыр.
Қазақстан Республикасының кино қайраткері, профессор Шаяхмет Имашұлы өзінің сөзінде Ұлы даланың 7 қырының бірі атқа міну мәдениеті туралы көптеген деректер мен мысалдар келтіре отырып, жас ұрпаққа қызықты ақпарат ретінде ұсынды. Мысал ретінде, атқа тек сол жағынан міну керектігін айта отырып, аттың қадір қасиетін білу уақыты келгенді туралы айта отыра, өзінің Мәскеудегі киномотография институтына атқа мінуді білу арқылы кино актер болып кеткені туралы әзілмен еске алды. Сол атқа міну мәдениетінен хабары болғандықтан, бүкіл саналы өмірін кино саласында өткізгеніне бір себебі болды деп қуанып әрі мақтанып айтты ағамыз.
«Азамат әлеуеті» Жеке Қайырымдылық Қорының Президенті, филология ғылымдарының кандидаты Cейсенова Алмагүл Дәулетқазықызы өз кезегінде Ұлы даланың жеті қыры мақаласын дәріптеу бойынша өз сөзін жас ұрпаққа арнап, әр азаматтың мақсат міндеті ретінде ата-бабаларымыздан үлкен құндылық, мұра ретінде сақталып отырған осы құндылықтарымызды мақалада жіг-жібімен ажыратылып отырған қырларды ары қарай өркениетіміздің бағытын сақтай отыра келер ұрпаққа жеткізу екендігін атты.
Конференцияның жұмысын қорытындылай келе Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының өкілі Сәрсенбаев Бекжан Қалиұлы ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдіре отырып осындай тақырыптағы жиындар, конференцияларды өткізуге әкімшілік өз тарапынан әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігі туралы айтты.
Сонымен қатар конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарих және этнография саласының мамандары, Алматы қаласы колледждерінің студенттері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның нәтижесі бойынша «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында халқымыздың тарихын зерттеуге, жаңа қырынан танытуға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге және т.б. бағытталған ұсыныстар қабылданды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасымен ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, қатысушылардың назарына ұсынылды.