Колледж студенттерімен кездесу

0
735

1 қазан күні Алматы лингвистикалық колледжінің студенттерімен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын дәріптеу мақсатында Алматы музейінің жетекші ғылыми қызметкері, тарихшы Билялова Гүлмира Алимгазиевнамен кездесу ұйымдастырылды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын толығымен түсіндіріп, тарихи деректер ретінде көптеген мысалдар келтіре отырып аудиторияға жеткізген тарих маманы, Гүлмира Алимгазиевна студенттердің ыстық ықыласына бөленді. Алматы мұражайының жетекші ғылыми қызметкері ретінде кіріспе сөзін Алматы қаласының киелі жерлері жайында сөз бастап кетті, атап айтқанда, Боралдай сақ қорғандары, Райымбек батыр кесенесі, Азаттық таңы ескерткіші, Тәуелсіздік монументі, А. Байтұрсынов музейі, Вознесенск кафедралдық соборы, КБТУ ғимараты (бұрынғы Үкімет үйі).
Ұлы даланың 7 қырының көбісі дерлік Алматы қаласымен, Алматы облысында табылғандары да тарихи дерек екеніне сүйене отырып, мысал ретінде Алматы облысы Есік қорғанында табылған Алтын Адам ескерткіші, Ұлы Жібек жолының Алматы қаласынан өткені жайлы тарихи мағлұматтар айтылып кетті. Алматы қаласы атауының тікелей себепшісі Алатау бөктеріндегі Алматы апорты, Германияда өткен дүние жүзілік жәрмеңкеде екінші орын алғаны туралы мәлімет студенттерді ерекше қызықтырды.
Сөз соңында студенттер алған ақпаратты бекіту мақсатында сұрақтарын қойып жауап алуға асықты. Баяндама өте қызықты әрі мазмұнды болды деп студенттер өз ризашылықтарын білдірді.
«Ел-шежіре» қоғамдық қоры әдеттегідей баяндама жасаған Билялова Гүлмира Алимгазиевна мен Алматы лингвистикалық колледжі ұжымына алғыс айта отырып «Алашорда» фотоальбомын табыстады.
Кездесу соңында колледж студенттері мен ұстаздары Гүлмира Алимгазиевнамен естелік суретке түсті.