«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын дәріптеу мақсатындағы кезекті кездесу

0
669

30 қыркүйек күні Алматы технология және флористика колледжінде «Ұлттық құндылық» жобасының аясында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын дәріптеу мақсатында кезекті кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге шақырылған арнайы қонақ – философия ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары Қасимов Қазақбай Таштемирұлы.
Кездесу шымылдығын құттықтау сөзімен «Ел-шежіре» қоғамдық қорының өкілдері ашып сөз кезегін Қазақбай Таштемирұлына берді.
Қазақбай Таштемирұлы өз баяндамасында «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында айтылған әр тармаққа жеке тоқтап, ұлттық құндылықтардың мән-мағынасын толығымен ашып студенттердің назарына жеткізді. Рухани жаңғырудың басты қағидасы не деген сұраққа – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті де, көркем, кестеленген қазақ тілі деп, сөзін жалғастыра отырып «…өз туған тілін сендер сияқты ер серкелері үйренбесе, бұқара халыққа жеткізбесе қарапайым халықтан не күтуге болады» деп жауап қайтарды. Баяндамашы өз сөзінде осы мақаланың негізі – қазақ халқының рухани құндылықтарын сіздер сияқты жас буын өкілдерінің бойларына сіңіру және үйрену жолдарын көрсетеді деп колледж студенттеріне тілек айта отырып, жастардың патриоттық рухын көтеретін өзінің қолтаңбасы қойылған «Мәңгілік ел құшағындамын» атты кітабының он данасын колледж ұжымына тарту етті.
Колледж студенттері Қазақбай Таштемирұлына алтындай уақытын бөліп келгені үшін алғыстарын білдіріп сөз сөйледі.
«Ел-шежіре» қоғамдық қоры өз тарапынан Қазақбай Таштемирұлы мен Технология және флористика колледжіне алғыс айта отырып «Алашорда» фотоальбомын табыстады.
Кездесу соңында колледж студенттері мен ұстаздары Қасимов Қазақбай Таштемирұлымен естелік суретке түсті.